АҚШ-та Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) төрағасы Джером Пауэллге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол Вашингтондағы штаб-пәтерді қайта жөндеуге байланысты Конгресс алдында жалған мәлімет берді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
New York Times басылымының жазуынша, бұл тергеуге қараша айында Дональд Трамптың бұрыннан келе жатқан серіктесі Жанин Пирро рұқсат берген. Ол өткен жылы Колумбия округінің федералды прокуроры болып тағайындалған болатын. Тергеу аясында Пауэллдің жария мәлімдемелері мен жобаның шығындары туралы құжаттар тексеріледі.
Пауэллдің өзі Трамп әкімшілігі оны Конгрестегі жауабына байланысты қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытқанын мәлімдеді. Ол бұл істі Трамппен пайыздық мөлшерлемелерге қатысты дауда өзіне қысымды күшейтудің сылтауы деп атады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Пауэллді негізгі мөлшерлемені айтарлықтай төмендету туралы талаптарына қарсы шыққаны және штаб-пәтерді 2,5 миллиард долларға жөндеуден өткізгені үшін сынап келген. Өткен аптада Трамп ФРЖ-ның жаңа басшысына үміткерді анықтап қойғанын айтты. Бұл лауазымға басты үміткерлердің бірі – Трамптың кеңесшісі Кевин Хассетт.
ФРЖ ғимаратын жөндеу 2022 жылы басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс. Сарапшылардың бағалауынша, оның құны бекітілген бюджеттен шамамен 700 миллион долларға асып кетуі мүмкін. ФРЖ ғимарат 1930 жылдары салынғаннан бері кешенді жөндеу көрмегенін алға тартады. Атап айтқанда, ғимаратты асбест пен қорғасын қалдықтарынан тазартып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет.
Сонымен қатар, жөндеу жобасында жоғары лауазымды шенеуніктерге арналған жеке лифтілер мен асханалар, субұрқақтар, жаңа мәрмәр элементтері және қызметкерлерге арналған шатырдағы терраса қарастырылған. Маусым айында Конгрестегі тыңдауда Пауэлл бұл элементтердің көбі түпкілікті жобаға кірмегенін айтқан.
«VIP-асхана да, жаңа мәрмәр да жоқ. Біз ескі мәрмәрді бұзып алып, соны қайта орнатып жатырмыз», – деді ол.
