Ақтөбедегі оқушы өлімі: Сотталушыларды марқұмның туыстары кешіріп, бостандыққа шықты

Ақтөбе облыстық сотының алқасы мектеп оқушысының өліміне кінәлі деп танылған жасөспірімдерге қатысты үкімді жеңілдетіп, оларды шартты жазамен бостандыққа шығарды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

2024 жылдың қыркүйегінде Қопа ауылында 10-11 сынып оқитын бір топ жасөспірім «үлкенге құрмет көрсетпеді» деген желеумен 9-сынып оқушыларын соққыға жыққан. Салдарынан 14 жастағы Нұржан Сыдық оқиға орнында көз жұмды.

Бұл іс бойынша сот алдына 17 жастағы алты жігіт келген. 2025 жылдың қазан айында үкім шықты. Олардың үшеуіне «Бұзақылық» бабы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Тағы екеуі «Бұзақылық» және «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» баптарымен 6 жыл 8 айға сотталды. Тағы бір сыбайласы дәл осы соңғы бап бойынша нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.

Алайда нақты жазаға кесілген үш сотталушы мен жәбірленуші тарап үкімге шағым түсірген. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, гуманизм танытып, үшеуінің нақты жазасын шартты жазаға ауыстырды.

«Сот алқасының қаулысымен олар бостандыққа шығарылды. Енді олар жазасын белгілі бір шектеулермен бостандықта өтейтін болады», — деп жазады басылым.

Облыстық соттың баспасөз қызметі сотталушылардың кінәсін мойындап, өкінгенін және жәбірленуші тараппен медиативтік келісім жасасқанын хабарлады. Марқұм оқушының туыстары сотталушыларға жазаны жеңілдетуді өздері сұраған. Үкімнің өзгеруіне дәл осы жағдайлар негіз болған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика