АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери соққы жасау нұсқасын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
The New York Times және The Wall Street Journal басылымдарының хабарлауынша, Трамп әлі нақты шешім қабылдамаған. Алайда аты-жөнін атамаған шенеуніктер президенттің бұл қадамға Иран билігінің наразылықты күшпен басып-жаншуына жауап ретінде баруы мүмкін екенін айтады.
Дереккөздердің айтуынша, президентке бірнеше ықтимал сценарий ұсынылған. Олардың арасында Тегерандағы әскери емес нысандарға соққы жасау жоспары да бар.
Ақ үй бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартып, Трамптың соңғы күндері әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына назар аударуды сұрады.
«Иран БОСТАНДЫҚҚА бұрын-соңды болмағандай жақындап келеді. АҚШ көмектесуге дайын!!!» – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Иранда наразылық акцияларының жалғасып жатқанына 15 күн болды. Iran International мәліметінше, соңғы 48 сағат ішінде 2000-нан астам адам қаза тапқан. Бұл санның әлі де өзгеруі мүмкін екені айтылады.
