Қызылордада әйел мен оның 34 жастағы қызын пышақтап өлтірді деген күдікпен көршісі оқиға орнында ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 8 қаңтарға қараған түні қайғылы оқиға туралы полицияға марқұмдардың көршілері хабар берген. Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция экипажы күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді.
«Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ресми хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, қылмыс болған сәтте пәтерде марқұмдардың кәмелетке толмаған ұлы мен немересі болған. Ол көршілерінен WhatsApp мессенджері арқылы көмек сұрап үлгерген.
