«Әділеттен тайсақ, қозғалысты сол күні-ақ жабуға болады» — «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі

Фото: видеодан скрин

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова президенттік бағытты қолдай отырып, жергілікті жерлерде қарсылыққа жиі тап болатынын айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 


Журналистің «президенттік бағытты ашық қолдай отырып, неге кейбір жерлерде қолайсыз қозғалысқа айналасыздар?» деген сұрағына жауап берген Әсел Баденова қозғалыстың басты мақсаты ешкімге ұнау емес екенін атап өтті.

«Біздің біреуге ұнау немесе ұнамау деген мақсатымыз жоқ. Біз тек өз ісімізді істеп жатырмыз. Егер әділетті қоғам туралы айтатын болсақ, онда мұнда ешқандай таңдаулы қағида болмауы тиіс. Біреуге болады, біреуге болмайды деп бөле бастасақ, бізге сеніп келген жастар оны бірден сезеді», – деді ол.

Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, жастар өте сезімтал әрі талапшыл.

«Бұл – амбициясы жоғары жастар. Олар бәрін бірден аңғарады: ой деңгейінде де, ішкі түйсікпен де. Мұны жасыру немесе айналып өту мүмкін емес. Егер біз бір жерде әділеттен тайсақ, қозғалысты сол күні-ақ жабуға болады», – деді Баденова.

Сұхбат барысында қозғалыстың нақты жұмыс тәсілдері де айтылды. Әсел Баденова ұзаққа созылған құрылыс нысандары мәселесінде басты құрал – жариялылық екенін жеткізді.

«Мәселе ұзаққа созылған құрылыстардың санында емес, адамдардың оларға деген көзқарасында. Кейбір нысандар 5–7, тіпті 10 жыл бойы салынып жатады да, оны қалыпты жұмыс процесі ретінде көрсетеді. Біздің негізгі әдісіміз – жария ету. Белгілі бір нысанды бүкіл елге көрсету арқылы жауапты тұлғаның бұл тақырыптан жалтарып кетпеуін қамтамасыз етеміз», – деді ол.

Қозғалыс жетекшісі «Жаңа адамдардың» тек бетон мен ғимарат туралы емес, ең алдымен адамдардың тағдыры үшін жұмыс істейтінін айтты.

«Біз құрылыс қаңқасы немесе бетон туралы айтып отырған жоқпыз. Біз адамдардың тағдыры туралы айтып отырмыз. Бұл – халыққа қажет әлеуметтік нысандар: мектептер, ауруханалар, университеттер, спорт кешендері. Біз екі тараппен сөйлесеміз: жауапты органдармен және қоғаммен. Кешіріңіз, бірақ бұл – сіздердің жұмыстарыңыз», – деді Әсел Баденова.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика