Еуропа елдері АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны иемдену туралы мәлімдемелерін енді жай риторика деп қабылдамай, нақты тосқауыл қоюдың жолын талқылап жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Брюссельдегі талқылауларға қанық бір еуропалық дипломат Трамппен тікелей текетіреске дайындалу керегін айтты.
«Трамппен бетпе-бет келуге дайын болуымыз керек. Ол қазір барған сайын қатаң сөйлеп отыр, біз де соған сай құрылуымыз қажет», – деді ол.
Сәрсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келесі аптада Дания өкілдерімен Гренландия мәселесін талқылауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ақ үй Трамптың басты таңдауы – аумақты келіссөз арқылы алу екенін айтқанымен, аралды сатып алу мүмкіндігін де, тіпті әскери жолмен басып алу нұсқасын да жоққа шығармады.
Осы тұста Еуропадағы келіссөздер қыза түсті. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Германия және Польшадағы әріптестерімен Трамптың қоқан-лоққысына ортақ еуропалық жауап әзірлеуді талқылағанын жеткізді.
«Мәселе – Еуропа, Еуропалық Одақ қауіп-қатерді тоқтататындай, қауіпсіздігі мен мүддесіне қол сұғу әрекеттерін тежей алатындай деңгейде қалай күшейеді деген сұрақта. Гренландия сатылмайды және күшпен алынбайды… демек, мұндай қоқан-лоққы тоқтауы керек», – деді Барро журналистерге.
Еуропалық шенеуніктер, дипломаттар мен қауіпсіздік саласындағы дереккөздер алда қандай құрал барын өздері де анықтап алуға тырысып жатыр. Дания парламентінің бұрынғы депутаты Еуропаның қолындағы нақты тетіктер түсініксіз екенін айтты.
«Көп адам абдырап қалды: бізде нақты қандай мүмкіндік бар – соны да білмейміз. Америка не істеймін десе де істей алады. Бірақ бұл сұрақтарға шұғыл жауап керек. Үш, бес немесе жеті жыл күтуге болмайды», – деді ол.
Талқыланып жатқан алғашқы жол – ымыраға келу. Трамп Гренландияны АҚШ қауіпсіздігі үшін маңызды аумақ деп санайды және Данияны Арктикада Қытай мен Ресейдің әскери белсенділігі күшейіп жатқан жағдайда аралды жеткілікті қорғамай отыр деп айыптайды.
Еуропадағы кейбір сарапшылар мен дереккөздер ең жылдам шешім – келіссөз арқылы екі жақ та «бет сақтайтын» ортақ мәмілеге келу деп есептейді. НАТО-дағы бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың бірі альянс Дания, Гренландия және АҚШ арасындағы диалогқа араағайын бола алатынын айтады. Бұған дейін НАТО Түркия мен Грекия арасындағы дауларда осындай делдалдық рөл атқарған.
НАТО-ның АҚШ-тағы елшісі Мэттью Уитакер сәрсенбі күні Трамп пен оның командасы Гренландияның қауіпсіздігі тиісті деңгейде емес деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, мұз еріген сайын және Арктикадағы теңіз жолдары ашылған сайын, арал АҚШ үшін қауіпсіздік тәуекеліне айналады.
«Мұз еріген сайын, Арктика мен солтүстіктегі бағыттар ашылған сайын… Гренландия АҚШ құрлығы үшін өте маңызды қауіпсіздік тәуекеліне айналады», – деді Уитакер.
НАТО ішіндегі пікірталастарда Гренландия маңындағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа қадамдар да аталады. Кейбір дипломаттар Ресей мен Қытай кемелері аралға тікелей қауіп төндіріп тұр деген уәж асыра айтылған болуы мүмкін десе де, Трамптың талабын «бейтараптандыру» үшін нақты шара қажет екенін алға тартады.
НАТО дипломаттарының айтуынша, альянс Арктикада қорғанысқа бөлінетін қаржыны жедел өсіру, өңірде жиірек әскери оқу-жаттығу өткізу, қажет болса Гренландия қауіпсіздігін күшейту үшін әскери күш орналастыру сияқты ұсыныстарды қарастырып жатыр.
Сонымен қатар екі дипломат НАТО-ның «Арктикалық күзет» тәрізді жаңа бастама құру мүмкіндігін де атады. Бұл альянстың басқа аймақтардағы «Шығыс күзеті» мен «Балтық күзеті» үлгісіне ұқсас: негізгі әскери ресурстарды Арктикаға көбірек шоғырландыруға бағытталуы мүмкін.
«Гренландия маңындағы қатысуымызды күшейтіп, Трамп сұрап отырған талаптарды орындауға көмектесетін қандай мүмкіндік бар – соның бәрін толық пайдалану керек», – деді НАТО-дағы дипломаттардың бірі.
