Фото: Pixabay
Павлодар қаласының 33 жастағы тұрғыны жұмыс орнында жасалған ұрлық үшін бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам компанияға 2025 жылдың тамыз айында жұмысқа орналасқан. Кәсіпорын басшысы қызметкеріне сенім білдіргенін, алайда оның бұл сенімді ақтамағанын айтты. Оқиға 2025 жылғы 23 қарашада болған. Сол күні менеджер директордың кабинетіне кіріп, тумбада тұрған, ішінде 770 мың теңге бар конвертті жасырын алып кеткен. Келесі күні, яғни 24 қарашада, басшы қызметкерді өзіне шақырып, ұрлық сәті бейнеленген камера жазбасын көрсеткен. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкініш білдірген. Ол 140 мың теңге көлеміндегі шығынды ішінара өтеп, азаматтық талапты толық мойындағаны сот үкімінде көрсетілген.
Нәтижесінде сот шешімімен оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
