Онлайн саудадағы чат енді келісімшарт бола ма? Қазақстанда заң өзгереді

Фото: uz.usembassy.gov

Қазақстанда сатушымен жазысқан чат, аудиожазба немесе видеохабарлама ресми келісімшарт ретінде танылуы мүмкін. Бұл бастама Мәжіліс депутаттарының тарапынан көтеріліп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға өзгерістер ұсыну аясында қаралуда.

Мұндай жаңашылдық, әсіресе онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтпек. Өйткені интернет арқылы жасалатын келісімдер жиі дауға айналып жатады.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Неліктен бұл онлайн сатып алушылар үшін маңызды?

Әлеуметтік желілер мен интернет дүкендердегі сауда-саттық көбейген сайын, тұтынушы мен сатушы арасындағы хабарламалар — негізгі дәлел көзіне айналып келеді. Алайда ресми құжат ретінде танылмағандықтан, мұндай чаттар жиі назардан тыс қалатын.

Осы олқылықты жою үшін, депутаттар хабарламаларға құқықтық мәртебе беруді ұсынып отыр. Олардың пайымынша, бұл тұтынушыға сотта өз құқығын анағұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

«Бір ісімізде, сатушы өнімді жеке тұлғаға сатқанын айтып, жауапкершіліктен жалтарды. Алайда олардың арасындағы WhatsApp-хабарламалар сот шешіміне негіз болып, тұтынушының пайдасына шешілді», – дейді «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау одағы» төрайымы Ольга Березуцкая.

Қандай хабарламалар келісімшартқа жатуы мүмкін?

Заңгерлердің айтуынша, келісім ретінде танылуы үшін хабарламада мына мәліметтер нақты жазылуы керек:

  • тауар сипаттамасы;
  • бағасы;
  • жеткізу мерзімі;
  • төлем түрі және шарттары.

Мысалы, ақша аударымы кезінде төлемнің нақты не үшін жүргізілгенін көрсету аса маңызды. Себебі жеке тұлғалар арасындағы аударымдар кейде «материалдық көмек» ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан чек немесе мобильді қосымшадағы түсініктемеде «тауар үшін төлем» деген нақты белгі болуға тиіс, дейді құқық қорғаушы Руслан Кибке.

Сонымен қатар, хат алмасу ресми аккаунт немесе ұйым атымен тіркелген нөмір арқылы жүргізілгені абзал. Әйтпесе, компания өкілі «бұл біздің ресми өкіліміз емес» деуі мүмкін. Мұндай кезде де әкімшілік жауапкершілік мәселесі қарастырылатын болады.

Тұтынушыға қандай кеңес беріледі?

Мамандар онлайн сауда кезінде келесі кеңестерді ұстануға шақырады:

  • сенімді сатушыларды таңдаңыз;
  • хабарламалардың скриншотын сақтаңыз;
  • төлем түбіртектерін жоғалтпаңыз;
  • ресми шот-фактура талап етіңіз.

Осындай қадамдар онлайн алаяқтықтан қорғануға және құқықтық дауларда өз позицияңызды дәлелдеуге көмектеседі.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика