Қазақстанда казино көбейеді: Қандай өңірлерде салынады және бұл неге маңызды?

Фото: www.instagram.com

Қазақстанда казино саны артуы мүмкін. Үкімет жаңа игорлық аймақтар ашуға рұқсат беріп отыр. Бұл өзгеріс туризмді дамыту және қосымша табыс көздерін қалыптастыру мақсатында жасалған.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бұған қатысты түзетулер еліміздегі туристік қызмет туралы заңға енгізілген. Бұған дейін тек Бурабай мен Қонаев қалаларында рұқсат етілген казино енді басқа да аймақтарда ашылуы мүмкін.

Жаңа тізімге Каспий теңізінің жағалауы (Маңғыстау облысы), Алакөл көлі аумағы (Жетісу облысы), Талғар ауданы (Алматы облысы), сондай-ақ Марқакөл мен Зайсан аудандары (Шығыс Қазақстан облысы) кіріп отыр.

Жаңа казино қай жерлерге салынады және кім шешетіні қалай анықталады?

Министрдің айтуынша, үкімет тек игорлық аймақтарды бекітеді, ал нақты казино қай жерге салынатынын жергілікті әкімдіктер шешетін болады. Бұл шешім сол жердің инфрақұрылымын ескере отырып қабылданбақ.

Ол әрбір жаңа казино жылына 2-3 миллиард теңге салық төлеп, шамамен 500 жұмыс орнын ашатынын айтты. Сонымен қатар, бұл қадам туризм саласына серпін беруге бағытталғанын айтып өтті: «Бұл халықаралық тәжірбиеде бар механизм» деді ол.

Жаңа игорлық аймақтар қандай әсер беруі мүмкін?

Кейбір қоғам белсенділері мен тұрғындар казиноның елді мекендерге жақын орналасуы нашақорлық пен лудоманияның артуына себеп болады деп қауіптенеді. Алайда министр бұл мәселе бақылауда болатынын айтып, нақты орынды жергілікті атқарушы органдар айқындайтынын қайталап жеткізді.

Қазақстанда бұл бағыттағы өзгерістер туризм әлеуетін арттырумен қатар, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып, экономикалық пайда әкелуі мүмкін.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика