Пәтер жалға алушының құқығын қорғайтын 5 кеңес

Фото: olx.kz

Пәтер жалдау – тек баспана табу емес, бұл қаржылық және заңдық қарым-қатынас. Өкінішке қарай, Қазақстанда көптеген жалға алушылар (арендаторлар) «сөз жүзіндегі» келісімге сеніп, соңында депозитінен айырылып немесе қыс ортасында далада қалып жатады. Тәжірибелі заңгерлер мен риелторлардың кеңесіне сүйене отырып, сіздің құқығыңызды қорғайтын негізгі 5 қадамды жинақтадық.

1. Келісімшарт – сіздің қалқаныңыз

Ең басты қателік – «аға-көке» деп ауызша келісу. Есіңізде болсын: қағаз жоқ жерде, құқық та жоқ.

Заң бойынша жазбаша келісімшарт міндетті түрде нотариуспен бекітілуі шарт емес. Екі тарап қол қойған қарапайым жазбаша құжаттың өзі сотта дәлел бола алады. Келісімшартта мыналар міндетті түрде болуы керек:

  • Пәтер иесінің және сіздің толық аты-жөніңіз, ЖСН мәліметтері;

  • Пәтердің нақты мекенжайы;

  • Ай сайынғы төлем мөлшері және төлеу күні;

  • Жалға алу мерзімі.

Маңызды: Егер пәтер иесі салықтан қорқып келісімшарт жасағысы келмесе, бұл сіз үшін алғашқы «дабыл белгісі» болуы керек.

2. Қабылдау-тапсыру актісін (Акт приема-передачи) жасаңыз

Көбінесе пәтер иелері көшкен кезде «диван жыртылды», «үстел сызылды» деп депозитті қайтармай қояды. Бұған жол бермеу үшін кірген күні пәтердің жағдайын тіркеңіз.

Не істеу керек?

  1. Үйге кірген сәтте телефонмен видеоға түсіріңіз. Розетка, сантехника, жиһаздың күйін анықтап көрсетіңіз.

  2. Сызылған, сынған жерлер болса, оны қабылдау актісіне жазып, иесіне қол қойғызыңыз.

  3. Бұл құжат кейін «сен сындырдың» деген жаладан құтқарады.

3. Депозит тағдырын алдын ала шешіңіз

Депозит (кепілдік жарна) – даудың ең үлкен көзі. Келісімшартта депозиттің қайтарылу шарттарын нақты жазғызыңыз.

Мына сұрақтардың жауабы құжатта болуы тиіс:

  • Депозит соңғы айдың төлемі ретінде есептеле ме?

  • Егер сіз мерзімінен бұрын көшсеңіз, депозит күйіп кете ме?

  • Депозиттен қандай жағдайда ақша ұсталады? (Табиғи тозу мен әдейі бүлдірудің айырмашылығын түсіндіріңіз).

4. Бағаны және шығару мерзімін бекіту

«Келесі айдан бастап пәтер ақысы 50 мыңға қымбаттайды» немесе «Үйді босат, туыстарым келе жатыр» деген сөздерді естімеу үшін мынаны ескеріңіз:

Келісімшартқа «Жалға алу мерзімі ішінде (мысалы, 1 жыл) баға өзгермейді» деген тармақты қостырыңыз. Сондай-ақ, пәтерді босату туралы ескерту мерзімін белгілеңіз. Заң бойынша бұл әдетте – 1 ай. Яғни, қожайын сізге кемінде 30 күн бұрын хабарлауы тиіс. Бұл уақыт сізге басқа баспана табуға мүмкіндік береді.

5. Төлемнің ізін қалдырыңыз

Ақшаны қолма-қол беруден қашыңыз. Қазіргі заманда банк қосымшалары (Kaspi, Halyk және т.б.) арқылы аударым жасау ең тиімді дәлел.

Төлем жасағанда «Хабарлама» (Сообщение) бөліміне міндетті түрде: «2026 жылғы қаңтар айы үшін пәтер ақысы» деп жазыңыз. Егер дау туындаса, банктік үзінді көшірме (выписка) сіздің адал төлеуші екеніңізді растайды. Егер қолма-қол төлесеңіз, әр жолы тілхат (расписка) жаздырып алыңыз.

Депозитті қайтармайды, бағаны қымбаттатады: Жалға алушылар кімге шағымданады?

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика