Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлын нокаутқа түсіретінін мәлімдеді
Дүниежүзілік бокс кеңесінің орта салмақтағы чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын нокаутқа түсіретінін мәлімдеді. Адамес соңғы жекпе-жегінде Остин Уильямсты жеңген.
Сурет: instagram.com/janibek_alimkhanuly
Дүниежүзілік бокс кеңесінің тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, доминикандық боксшы Карлос Адамес (25-1-1) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0) қатысты өткір мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Адамес әлеуметтік желідегі парақшасында Жәнібекпен жекпе-жек өткізгісі келетінін айтып, қарсыласын нокаутқа түсіретінін мәлімдеген.
«Егер Құдай маған өмірімде тек бір жекпе-жекті таңдауға мүмкіндік берсе, еш күмәнсіз Жәнібекпен кездесуді таңдар едім. Қай жерде, қашан өтетіні маңызды емес. Мен оны нокаутқа түсіретінімді дәлелдеуім керек», – деп жазды Адамес.
Доминикандық боксшы соңғы жекпе-жегінде америкалық Остин Уильямсты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, Дүниежүзілік бокс кеңесінің чемпиондық белбеуін сақтап қалған.
Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік бокс кеңесі Карлос Адамеске тағы бір қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа (20-0) қарсы міндетті титул қорғау жекпе-жегін өткізуді тапсырған.
Тараптарға келісімге келу үшін 2026 жылғы 20 қазанға дейін уақыт берілген. Егер келісім жасалмаса, Дүниежүзілік бокс кеңесі промоутерлік сауда өткізеді.
