Беташарда 4 млн теңге салған ақтөбелік депутат жазаланды

Фото: видеодан скрин

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиевке мінеу түріндегі жаза қолданылды. Депутаттың өзі де бейнеүндеу жариялап, айтылған сын-пікірді қабылдайтынын жеткізді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиевтің беташарда ортада тұрған себетке қомақты ақша салып тұрған сәті қызу талқыға түсті. Той кезінде түсірілген видеода оның сол сәтте 4 млн теңге салғанын айтады. Осыдан кейін көпшіліктің ойы екіге жарылып, шу туды. Көп ұзамай Аслан Қайырғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялады.

— Бұл менің бала кезден бірге өскен жақын досымның тойы. Видеода барша достарының атынан жиналған сыйлықты тарту сәті көрсетілген. Жігіт жолдас болған соң сыйлықты салу сәті маған ұсынылды. Бұл менің өз қаражатым емес, барша достардың атынан жиналған тарту еді. Сол жердегі іс-әрекетім, яғни, ақшаны санау сәті көзге оғаш көрінгенін енді түсініп жатырмын. Бұл жерде мақтану, назар аудару ниетім болған емес. Жай ғана досымның, жақын досымның тойындағы қуанышты эмоциялық сәт қана болатын. Азамат ретінде айтылған сын-пікірлерді толықтай қабылдаймын және алдағы уақытта мұндай іс-әрекеттерге жол бермеймін, — деді Аслан Қайырғалиев өз үндеуінде.

Ақтөбе қалалық мәслихаты осы оқиғадан кейін комиссия отырысын өткізді.

— Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық этика жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиевқа мінеу (порицание-ред.) түрінде жазалау шарасы қолданылды. Комиссия Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазбаларды егжей-тегжей зерттеп, әр комиссия мүшесінің пікірін ескеріп, осындай шешімге келді, — деп хабарлады Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова.

Айта кетейік, Аслан Қайырғалиев Ақтөбе қаласының Мәскеу және Болашақ шағын аудандары атынан сайланған депутат. Ол «Аманат» партиясының мүшесі әрі қалалық мәслихаттағы ең жас депутат.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика