Қазақстанның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің әлемдік рейтингтегі жаңа орындары белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартқан рейтингке сәйкес, Елена Рыбакина көш басындағы Арина Соболенкодан кейінгі 2-орнын сақтап қалды. Үздік үштікті америкалық Коко Гауфф түйіндеп тұр. Еліміздің тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева бірнеше сатыға төмендеп, 74-орынға жайғасты.
Ал жұптық сында Анна Данилина 7-орында тұрса, бұл санатта бельгиялық Элизе Мертенс көш бастап келеді.
Алайда маңызды жаңалық – 10-11 сәуірде Астанада өтетін Билли Джин Кинг кубогында Канадаға қарсы ойынға Елена Рыбакинаның қатыспайтыны белгілі болды.
Ерлер арасындағы Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингінде Александр Бублик әлемнің 11-ракеткасы атағын сақтап қалды. Ол енді Монте-Карлодағы «Мастерс» турниріне қатысып, алғашқы кездесуін франциялық Гаэль Монфиске қарсы өткізеді.
Қазақстанның тағы бір өкілі Александр Шевченко 77-сатыға сырғыды. Ол келесі ойында хорватиялық Марин Чиличпен кездеседі. Ерлер рейтингінде испаниялық Карлос Алькарас көш бастаса, одан кейінгі орындарда италиялық Янник Синнер мен германиялық Александр Зверев тұр.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
