Сатаевтың экс-жары: «Балаларыңызды сатпаңыздар, олар – ең қымбат байлық»

Танымал режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары, актриса Назира Бақаева тоғыз күн ғана өмір сүріп, шетінеп кеткен тұңғыш қызы туралы жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Актриса бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, егер тірі болғанда, қызы Томирис бүгін 32 жасқа толар еді дейді. Ол тұңғышынан айырылған сәттегі ауыр күндерін еске алды.

«Одан бері отыз жылдан астам уақыт өтті, бірақ мен әлі күнге дейін оның артында қалған саңқылдаған үнсіздікті ұмыта алмаймын. Сол бір қараңғы күндерімде мен оның бір сәттік тынысы үшін, бір рет жылағанын есту үшін, оны жай ғана құшағыма басу үшін бар дүниемді берер едім. Бірақ маған ондай мүмкіндік берілмеді», – деп жазды Назира Бақаева.

Актрисаның айтуынша, сол қиын сәтте оған анасы демеу болған. Жүрегі мен тәні жаралы күйде қалған оның сүтке толған кеудесін басқа сәби еміп, аман алып қалғанын да еске алды. Ол сол сәбидің анасына мейірімі үшін алғысын білдірді.

Кейін тағдыр Назира Бақаеваға тағы бес бала сыйлаған. Ол әр баласының күлкісі мен әрбір қадамын ерекше бағалап өсіргенін айтады. Алайда, өз еркімен дені сау баласынан бас тартатын ата-аналарды естігенде жүрегі ауыратынын жеткізді.

«Қалай ғана біреудің тынысын “ауыртпалық” деуге болады? Қалай ғана өзге ата-ана өмірін қиюға дайын тұрған асылды итеріп тастауға болады?» – деп налиды актриса.

Назира Бақаева бұл жазбасы арқылы аяныш тудыруды мақсат етпегенін, тек ата-аналарға ой салғысы келгенін айтты. Ол ата-аналарды ұйқысыз түндер мен шаршау сияқты уақытша қиындықтарға шағымданбауға шақырды.

«Өмірді бағалаңыздар. Сіздерге берілген шексіз махаббатты сақтаңыздар. Балаларыңызды ешқашан сатпаңыздар – олар біздің ең қымбат байлығымыз», – деп түйіндеді сөзін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика