Қазақстанда төтенше жағдай аймағында жұмыс істейтін және жоғалған адамдарды іздеуге қатысатын еріктілердің өмірі мен денсаулығы сақтандырылатын болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шаралар 2030 жылға дейінгі Еріктілікті дамытудың жаңа тұжырымдамасына енгізіледі. Осылайша, мемлекет қауіпті жағдайда көмекке ұмтылатын азаматтарды қорғауды күшейтпек.
Сонымен қатар Үкімет еріктілік қызметті еңбек өтіліне есептеу туралы ұсынысты қабылдамады. Бұл шешім халықаралық тәжірибеге сүйеніп жасалған.
Алайда оның орнына билік ерікті болған талапкерлерге колледждер мен жоғары оқу орындарына грантқа түсу кезінде қосымша коэффициент енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жастарды еріктілер қатарына тартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Фото: Әлеуметтік желіден
