Атақты файтер Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмоноваға қатысты сот үкімі шықты. Екі адамның өліміне себеп болған жол апаты үшін айыпталған әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 27 шілдесінде таңертең Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында болған. Сот материалдарына сәйкес, оқиғаның мән-жайы былай сипатталған:
«Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген. Шаршау салдарынан рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Көлік аударылып, ішінде болған Гүлайымның сіңлісі мен құрбысы оқиға орнында көз жұмды. Ал өзі ауруханаға түсті».
Сот процесі кезінде Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тарап – қаза болғандардың туыстары – оған қатаң жаза қолданбауды сұраған. Марқұм құрбысының әкесі оны түрмеге қамауға қарсы болса, сіңлісінің күйеуі мүлдем жаза тағайындамауды өтінген.
Сот Рахмонованы кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын кесті. Алайда, оның төрт жас баласының болуына байланысты жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылды. Бұл оның балалары кәмелетке толғанша түрмеге қамалмайтынын білдіреді.
Жақында Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын хабарлаған еді. Ол балаларының өз қамқорлығында қалғанын және қазір бесінші сәбиіне жүкті екенін жазды.
Фото: Әлеуметтік желіден
