Тоқаев: Ораза айт жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның ел дамуындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президент өз құттықтауында бұл мейрамның бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше екенін айтты. Оның айтуынша, Ораза айтта рухани тазару, сабырлық, өзара сыйластық пен жанашырлық сияқты құндылықтар дәріптеледі.

«Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ораза айттың Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел үшін символдық мәнге ие болғанына назар аударды.

«Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады», — делінген Ақорданың ресми хабарламасында.

Сөз соңында Президент барша отандастарға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеп, елімізге амандық пен тыныштық тіледі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика