Ақтөбе облысында автобус жүргізушісі қалың тұманды сылтауратып, арасында балалар бар жолаушыларды Хромтау қаласына 5 шақырым қалғанда далаға түсіріп кеткен, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға 17 наурыз күні Ақтөбе – Хромтау тасжолында болған. Жолаушылардың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі межелі жерге жетпей, ауа райының қолайсыздығына байланысты қалаға кері қайтатынын айтқан.
Тасымалдаушы Qala trans компаниясы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, жүргізуші нұсқаулық пен қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, өз бетінше шешім қабылдаған.
«Ауа райының күрт нашарлағанына қарамастан, жолаушыларды елді мекеннен тыс жерге түсіріп кетуге мүлдем болмайды», – делінген компания хабарламасында.
Тасымалдаушы компания өз бетінше әрекет еткен жүргізушіге қатысты тәртіптік шара қолданылатынын уәде етті.
Фото: Әлеуметтік желіден
