Тоқаев Үкіметке шұғыл тапсырма берді: 9 заң тез арада өзгереді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Жиынға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны жүзеге асыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алда заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Президент ең алдымен билік институттарының қызметін реттейтін заңдарды түзету қажеттігіне баса назар аударды. Жалпы, алты конституциялық заң мен басқа да үш заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңдардың барлығын қазіргі Парламент сессиясы аяқталғанға дейін қабылдау қажет екенін атап өтті.

«Заңдар сапалы әрі уақтылы әзірленіп, қабылдануы тиіс. Сондай-ақ Үкімет заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді де кешіктірмей түзетуі керек», – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика