АҚШ пен Иран арасында соғысты тоқтату туралы тікелей байланыс орнауы мүмкін екені талқыланып жатыр, алайда тараптардың қайсысы бірінші қадам жасағаны туралы ақпарат әртүрлі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Axios басылымының дереккөздеріне сәйкес, соңғы күндері Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффқа мәтіндік хабарламалар жіберген. Онда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтату мәселесі көтерілгені айтылады.
Алайда бұл ақпаратқа Drop Site News басылымының мәліметі қайшы келеді. Олар ирандық дереккөздерге сүйеніп, керісінше, бірінші болып Уиткофф хабарласқанын, бірақ Арагчи оның хабарламасын елеусіз қалдырғанын жазған.
Axios-қа пікір білдірген америкалық шенеунік байланыс орнатуға Иран тарапы ұмтылғанын растаған. Сонымен қатар ол АҚШ-тың Иранмен ешқандай ресми келіссөз жүргізіп жатпағанын атап өткен.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп 16 наурызда Иранның АҚШ-пен байланысқа шыққанын растады. Алайда ол хабарласқан адамдардың Иран атынан келіссөз жүргізуге өкілеттігі бар-жоғына күмән келтірді.
«Біз олардың нақты кім екенін білмейміз», — деді Трамп журналистерге.
Фото: Әлеуметтік желіден
