Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президент Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Осыдан кейін ол отандық және шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұл күннің ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне және халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.
Фото: Әлеуметтік желіден
