Павлодардағы зауытта апат болды — тексерістен өткен нысан неге шыдамады?

Фото: видеодан скрин

Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытында түтін мұржасының бір бөлігі құлап түсті. Оқиға орнынан тараған видеода қатты желден кейін өндіріс аумағындағы ірі конструкцияның бүлінгені анық көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай жағдай ірі өндіріс орнында қалай болғанына таңғалып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына күмән келтіріп жатыр.

Кәсіпорын «Қазхром» компаниясына тиесілі. Ресми мәліметке сәйкес, оқиға балқыту цехы №1 аумағында болған. Компания өкілдері зардап шеккендер жоқ екенін, жағдай өндіріс процесіне әсер етпегенін хабарлады. Сондай-ақ нысанға техникалық тексеріс 2023 жылы жүргізілгені айтылды.

Алайда стратегиялық маңызы бар өндіріс орнында мұржаның желден құлауы қоғамда заңды сұрақ туғызды. Егер нысан жақында ғана тексерістен өткен болса, онда конструкция неге шыдамады? Мамандар мұндай кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптары бірнеше деңгейде бақылаудан өтуі тиіс екенін айтады. Сондықтан болған жағдай тек ауа райымен ғана түсіндіріле салмауы керек деген пікірлер айтылып жатыр.

Тұрғындар өндіріс орындарындағы бақылау көбіне есеп үшін ғана жүргізіледі деп алаңдайды. Мұндай апаттар зауыт басшылығының ғана емес, техникалық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына да қатысты сұрақ тудырады. Өйткені ірі өндіріс орындарындағы кез келген ақау тек кәсіпорынға емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта кәсіпорында жедел штаб құрылғаны хабарланды. Дегенмен қоғам зауыттағы техникалық жағдайға тәуелсіз тексеріс жүргізіліп, нақты себептері ашық айтылуы керек деп отыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика