Семейде қардың қарыштап еруі мен жауын-шашын салдарынан жеке тұрғын үй секторын су басып, мектептерде сабақ тоқтатылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қаланың Щорс, Стаханов, Уәлиханов және Заречная көшелеріндегі үйлерге су кіру қаупі төнген. Әкімдік тасқын салдарын жоюға 65 техника, 20 мотопомпа және 250-ге жуық қызметкер, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларын жұмылдырғанын хабарлады. Су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Алайда қабылданған шараларға қарамастан, жергілікті тұрғындар техниканың жетіспейтініне және қалада нөсер кәрізінің мүлдем жоқтығына наразы.
Бүгін, 10 наурызда, ауа райының қолайсыздығына байланысты қалада мектеп оқушылары мен колледждердің төменгі курс студенттері үшін сабақтар онлайн форматқа көшірілді.
Фото: Әлеуметтік желіден
