Мұнай бағасы өсе ме: Бахрейндегі ірі зауытқа шабуыл жасалды

Бахрейннің Bapco Energies компаниясы өзінің мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін форс-мажор жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Компания таратқан ресми хабарламада бұл шешімге төтенше және бақылауға келмейтін жағдайлар себеп болғаны айтылған. Алдын ала мәлімет бойынша, Бахрейндегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорнына ирандық дрондар соққы жасап, салдарынан өндірістік инфрақұрылымға зақым келген.

Осыған қарамастан Bapco Energies өкілдері елдің ішкі нарығында жанармай мен басқа да мұнай өнімдеріне сұраныс толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Компания дағдарысқа қарсы алдын ала әзірленген шаралардың арқасында жеткізілімдердің үзілмейтініне уәде берді.

Бахрейннен бөлек, аймақтағы әскери шиеленістерге байланысты бұған дейін Kuwait Petroleum Corporation және QatarEnergy LNG секілді тағы екі ірі энергетикалық компания осындай қадамға барған. Олар да келісімшарттық міндеттемелерін уақытша орындай алмайтынын ресми түрде ескерткен.

«Парсы шығанағындағы энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған кез келген шабуыл жаһандық мұнай нарығына бірден қысым түсіреді. Аймақтағы тұрақсыздықтың артуы әлемдік энергия бағасының өсуіне алып келуі ықтимал», — дейді сала сарапшылары.

Айта кетейік, форс-мажор – бұл компанияның соғыс, табиғи апат немесе шабуыл сияқты төтенше жағдайларға байланысты келісімшарттық міндеттемелерін уақытша орындай алмайтынын ресми түрде жариялауы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика