Щучинск қаласындағы «Палау орталығында» болған жарылыстан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Ауруханада ауыр халде жатқан тағы екі науқас көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратынша, дәрігерлер олардың өмірі үшін соңына дейін күрескенімен, жарақаттары тым ауыр болған.
«Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, Щучинскідегі жарылыстан қатты зардап шеккен тағы екі науқас қайтыс болды. 8 наурызда «Авиценна-Бурабай» стационарының жансақтау бөліміндегі бір азамат, ал 9 наурызда Көкшетаудағы Ақмола көпбейінді облыстық ауруханасында ем алып жатқан тағы бір әйел өмірден озды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Фото: Әлеуметтік желіден
