Қазақстанның теннис бойынша ұлттық құрамасының көшбасшылары Елена Рыбакина мен Александр Бублик Индиан-Уэллс турниріндегі алғашқы кездесулерін тартысты жеңіспен бастады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина жоғары рейтингіне байланысты жарысты екінші айналымнан бастады. Ол америкалық Хэйли Баптистпен (43-орын) кездесіп, үш сетке созылған ойында 7:6, 2:6, 6:2 есебімен басым түсті.
Қазақстандық теннисшінің келесі қарсыласы украиналық Марта Костюк пен америкалық Тэйлор Таунсенд жұбының жеңімпазы болады.
Осы турнирдің қорытындысы бойынша Рыбакина рейтингте польшалық Ига Швёнтектен озып, мансабында алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атануы мүмкін. Турнир кестесіне сәйкес, екі теннисші тек жартылай финалда кездесуі ықтимал.
Ал ерлер арасындағы сында Александр Бублик (10-орын) турнирдегі алғашқы матчында чехиялық Вит Копривамен (62-орын) ойнап, 3:6, 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Фото: Әлеуметтік желіден
