Ирандағы режим құласа, Ресей мен Қытай әлсірейді: сарапшы болжамы

Ирантанушы сарапшы Жәнібек Көпжасар Ирандағы қазіргі биліктің құлауы Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Иранда режим ауысқан жағдайда бірінші кезекте бұл елге салынған халықаралық санкциялар алынады. Бұл өзгеріс Қазақстанға әлемдік нарыққа шығатын ең арзан әрі ең қысқа сауда жолын ашады.

«Біз өз тауарларымызды, әсіресе бидай, арпа, жүгері, ет сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін 90 миллион халқы бар Иранға ғана емес, 2 миллиард халқы бар Пәкістан, Үндістан, Араб елдері мен Африкаға шығара аламыз. Сонымен қатар импорттық тауарларды да арзан бағаға сатып аламыз», — дейді Көпжасар.

Бұдан бөлек, бұл жағдай Қазақстанға өз мұнайын сыртқа тасымалдау үшін балама жол ашуға мүмкіндік береді. Алайда, сарапшы ең маңызды геосаяси салдарға назар аударады.

Оның болжауынша, Ирандағы өзгеріс Ресейдің Таяу Шығыстағы ықпалынан толық айырылуына әкеледі. Еуропа орыс мұнайы мен газынан толық бас тартып, Иранның энергетикалық ресурстарын сатып ала бастайды, бұл Ресей экономикасын айтарлықтай әлсіретеді. Дәл осындай жағдай Қытайға да әсер етеді: Пекин осы уақытқа дейін арзан бағамен сатып алып отырған Иран мұнайынан қағылады.

«Міне, ең негізгілері осылар. Сондықтан да біз қуануымыз керек!» – деп қорытындылады ирантанушы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика