Тоқаев Сербия президентіне: «Бұл – қазақ жұртының зор ризашылығы»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичті Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ақордада өткен рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына сүйеніп, елін алға жетелеп келе жатқан беделді саясаткер және нағыз көшбасшы екенін атап өтті.

«Сербия Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында зор жетістіктерге жетіп, өркендеп келеді. Халықаралық беделі де арта түсті. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген», — деді Президент.

Сондай-ақ Тоқаев қазіргідей алмағайып заманда екіжақты әріптестікті жандандырудың маңызы зор екенін айтты. Ол сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға екі тарап та мүдделі екенін жеткізді.

Президент Александр Вучичке орденді табыстай отырып, бұл марапат оның Қазақстан мен Сербия арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін беріліп отырғанын мәлімдеді.

«Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін!» — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика