Белгілі актриса Дариға Бадықова бұрынғы күйеуі, журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға қарсы сотта жеңіліп қалды. Сот актрисаның 4 миллион теңгеден астам қаржы өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл жаңалықты журналистің мүддесін қорғаған заңгер Инга Иманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол сот процесінің мән-жайын баяндап, жеңіске жеткенін хабарлады.
«Біз сотта Дариға Бадықованы жеңдік. Бұл істе мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатыстым және оны толық қорғап шықтым. Дариға ханымның соттағы талабы қандай болды? YouTube-тағы сұхбатты шындыққа сәйкес келмейді деп тану, видеоны өшіру, айтылған сөздер үшін жария түрде кешірім сұрату, 1 000 000 теңге моральдық зиян, 2 500 000 теңге заңгерлік шығынды және 802 128 теңге сараптама ақысын өндіріп беру», – деп жазды Инга Иманбай.
Заңгердің айтуынша, актрисаның жалпы қаржылай талабы 4,3 миллион теңгеден асқан.
Алайда сот Дариға Бадықованың арызын қарап, оның барлық талаптарын толықтай қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарды.
Фото: Әлеуметтік желіден
