Алматы тауларындағы трагедия: қар астынан туристің денесі табылды

Алматы тауларында қайғылы оқиға болды: қар көшкінінің астында қалған туристердің бірі қаза тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға кеше таңертең Медеу ауданындағы Титов асуында, 3 400 метр биіктікте болған. Төрт адамнан тұратын туристік топтың екі мүшесін кенеттен көшкен қар басып қалған. Олардың бірі қар астынан өз бетінше шығып үлгерген.

Оқиға орнына Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы, кинологтар және еріктілер шұғыл аттанды. Іздестіру жұмыстарына ұшқышсыз басқарылатын аппарат (дрон) та жұмылдырылды.

Нәтижесінде құтқарушылар қар астынан екінші туристің денесін алып шықты. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен құтқару қызметінің психологтары жұмыс істеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында қар көшкіні қаупін ескеріп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.

Фото: ҚР ТЖМ видеосынан алынған кадр

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика