Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің бірінің шатырынан құлаған қалың қар кіреберістің қалқасын қиратып кетті. Тұрғындар қатты шошынған, абырой болғанда, оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға қаланың 11-шағын ауданында орналасқан №82 үйде болған. Күннің күрт жылуынан еріген қалың қар массасы биіктен құлап, подъезд алдындағы қалқаны толықтай жарамсыз күйге түсірген.
«Шатырдағы қар өте ұзақ уақыттан бері тазаланбады. Егер сол сәтте кіреберістен біреу шығып келе жатқанда, қайғылы жағдай болар еді. Қазір біз балаларымыз бен қарттардың қауіпсіздігі үшін алаңдап отырмыз», — дейді тұрғындар.
Бұл жағдай қаладағы коммуналдық қызметтердің көпқабатты үйлердің шатырын тазалау жұмыстарын тиісті деңгейде қадағаламайтынын көрсетеді. Мамандар көктемгі жылымық кезінде тұрғындарға үйлердің шатыры астында жүрмеуге және көліктерін қалдырмауға кеңес береді.
Фото: Әлеуметтік желіден
