Жүрсін Ерманға «Халық жазушысы» атағы берілді: Жарлыққа Тоқаев қол қойды

Алматыдағы Республика сарайында ақын Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Осы кеште Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ақынға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілгені белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президенттің құттықтау хатын Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оқып берді. Мемлекет басшысы ақынның айтыс өнерін жаңғыртуға сіңірген еңбегін ерекше атап өткен.

«Халқымыз Сізді беделді қоғам қайраткері әрі талантты публицист ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Айтыс өнерін жаңғыртуға қосқан үлесіңіз айрықша. Ел бірлігі мен халықтар достығын арқау еткен шығармаларыңыз оқырманға жақын әрі түсінікті. Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында.

«Ұлытаудан – Алатауға» деп аталған мерекелік кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және өнерсүйер қауым жиналды.

Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, жырлары оқылды. Сондай-ақ сахнада шәкірттері мен ізбасарлары өнер көрсетіп, ұстазына құрмет білдірді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика