Шымкенттің Базарқақпа тұрғын алабында жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік газ реттеу шкафына соғылып, артынша жойқын жарылыс болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Соққыдан кейін газ-ауа қоспасы жарылып, көлік лезде отқа оранған. Қатты дүмпуден жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қатты шошынған.
Бақытымызға орай, көлік жүргізушісі жанып жатқан темір тұлпардан өздігінен шығып үлгеріп, аман қалған.
Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер келіп, жалынның тұрғын үйлерге таралуына жол бермей, тез арада сөндірді.
Жарылыс толқынынан жақын маңдағы үйлердің бірінің терезелері сынып кеткені белгілі болды. Газ құбырының зақымданған бөлігі уақытша ажыратылды. Мамандар газ беруді қысқа мерзімде қалпына келтіруге уәде берді.
Фото: Әлеуметтік желіден
