Павлодарда көшеде иті үргені үшін әйел 14 жастағы жасөспірімді соққыға жыққан. Зардап шеккен қыз ауруханаға қаралғанымен, үйіне жіберілген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға 7 ақпан күні кешкі сағат 19:30 шамасында Ломов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Алғашында әлеуметтік желіде бейтаныс әйелдің екі баланы соққыға жығып, соның салдарынан біреуі ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты барлық адамның анықталғанын және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейінірек Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенова оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
«Жасөспірім қыз өзінің итін қорғамақ болған. Қыздың айтуынша, көшеде иттің үргені үшін бейтаныс әйел оны теппек болған. Нәтижесінде әлгі әйел қызды соққыға жығып, ол бірнеше күн ауруханада жатты», — деді балалар омбудсмені.
Сәуле Шәкенованың сөзінше, 14 ақпанда шабуыл жасаған әйелдің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1 бабы, яғни «Ұрып-соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы қыздың ауруханаға жатқызылмағанын мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, жатқызуға негіз болмағандықтан, ол амбулаториялық бақылауға үйіне жіберілген.
Фото: Әлеуметтік желіден
