«Жаңа үміт»: Шайдоровтан кейін Олимпиадада кім жарқ етеді?

Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында 17 ақпан күні Қазақстан спортшылары бірнеше спорт түрінен бақ сынайды. Бүгін жанкүйерлер назары Михаил Шайдоровтың сенсациялық жеңісінен кейін мәнерлеп сырғанаудан жарыс жолына шығатын Софья Самоделкинаның өнеріне ауады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

17 ақпандағы жарыс кестесіне сәйкес, бірнеше отандасымыз ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Рақпаров үлкен тұғырдан секіріп, шаңғы жарысына қатысады. Фристайл-акробатикадан әйелдер арасындағы іріктеуде Аяна Жолдас өнер көрсетсе, ерлер бәсекесінде Асан Асылхан, Шерзод Хаширбаев, Дінмұхаммед Райымқұлов және Роман Иванов бақ сынайды. Сонымен қатар конькимен жүгіруден әйелдер құрамасы командалық қуалау жарысында жартылай финал мен финалда жүлдеге таласады.

Күннің ең көп күтілетін оқиғаларының бірі – мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама. Бұл сында Қазақстанның жаңа үміті саналатын Софья Самоделкина мұз айдынға шығады. Жарыстарды Qazsport, Qazaqstan, Jibek Joly және «Хабар» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы медальдар есебінде 17-орында тұр. Еліміздің қоржынындағы жалғыз алтынды мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіп алған болатын. Жалпыкомандалық есепте Норвегия (12 алтын), Италия (8 алтын) және АҚШ (6 алтын) көш бастап тұр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика