Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда үлкен жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлды қабылдады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президент спортшыны былтыр Император кубогын жеңіп алып, сумошылардың ең жоғары дивизионындағы «маэгашира» дәрежесіне көтерілуімен құттықтады. Сонымен қатар, Ерсін Балтағұл жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін иеленген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жетістік табандылық пен қажырлы еңбектің арқасында келетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы бүгінде шетелде Қазақстанды танытып жүрген жастардың көбейіп келе жатқанын және мемлекеттің осындай таланттарға әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.
«Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін», — деді Президент.
Өз кезегінде Ерсін Балтағұл Президентке ілтипаты үшін алғысын айтып, жақын арада еліміздің жас спортшыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын», — деді балуан.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсін Балтағұлға алдағы жарыстарда тек сәттілік тілеп, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.
Фото: Әлеуметтік желіден
