Бибісара Асаубаева әлем чемпионын жеңді: бұл ойын ережесі мүлде басқа

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева классикалық шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюкті жеңді. Кездесу шахматтың жаңа түрі – фристайл бойынша көрсетілімдік матч форматында өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Германияда фристайл-шахматтан (Фишер шахматы) ерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Осы турнир аясында әйелдер арасында тек Бибісара Асаубаева мен Александра Костенюктің арасында көрсетілімдік кездесу ұйымдастырылды. Төрт партиядан тұрған матч 2,5:1,5 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды. Бұл жеңіс Асаубаеваға 2027 жылы өтетін фристайл-шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионатына жолдаманы кепілдендірді.

«Жеңіске жету әрқашан жағымды. Әсіресе, бұл жеңіс фристайл-шахматтан келесі әлем чемпионатына қатысуға кепілдік берсе», — деп пікір білдірді Асаубаева.

Фристайл-шахмат немесе Фишер шахматы – 90-жылдары әлем чемпионы Бобби Фишер ойлап тапқан шахматтың ерекше түрі. Оның классикалық шахматтан басты айырмашылығы – әр партия алдында пешкалардан басқа фигуралар белгілі бір шарттарды сақтай отырып, кездейсоқ тәртіппен орналастырылады. Фигураларды орналастырудың 960 нұсқасы бар. Соңғы жылдары бұл ойын түрін норвегиялық Магнус Карлсен белсенді түрде насихаттап жүр. Дәл осы Карлсен ерлер арасындағы чемпионаттың жеңімпазы атанды. Жаңа ереже бойынша әр партияда фигуралардың жаңа орналасуы теориялық дайындықтан гөрі, ойыншының комбинациялық ойлау қабілетін бірінші орынға шығарады.

Фото: Freestyle-chess.com

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика