Әнші Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы атанған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа темір тұлпар сыйлайтынын мәлімдеді. Спортшы Димаштың «Confessa, the Diva Dance» композициясына өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алған болатын, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Димаш бұл жаңалығымен Instagram парақшасында бөлісті. Ол спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, «Астана Моторс» компаниясынан «лайықты темір тұлпарды» таңдап алуға шақырды.
«Миша, сені Олимпиада чемпионы атануыңмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тарихи сәт. Енді «Астана Моторс» компаниясына келіп, өзіңе лайықты темір тұлпарды таңдап ал», — деп жазды әнші.
Михаил Шайдоров екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, алтын медальға ие болды. Бұл – Қазақстанның жаңа ұлттық рекорды. Осылайша, ол Сочи Олимпиадасында Денис Тен орнатқан рекордты жаңартты.
Фото: Әлеуметтік желіден
