Алматыда бір топ жас жігіт ер адамды топтасып ұрып-соғып, ақыры оның өліміне себепкер болды. Бұл жантүршігерлік оқиға туралы марқұмның ұлы әлеуметтік желіде жазып, қоғамнан көмек сұрады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, қаскөйлер әкесіне жабылып шабуыл жасаған. Ер адам есінен танған кезде оны аяусыз тепкілеп, басынан соққы жасаған. Алған ауыр жарақаттар салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
«Мен үш күннен бері ұйқы көрмедім. Себебі әкемнің кенеттен есінен танып, оны қоқыс құсатып сүйреп бара жатқан видеосын көрдім. Бұл нағыз азғындық. Әкемді небәрі жарты сағаттың ішінде өлтіріп кетті», — деп жазды марқұмның ұлы.
Қалалық полиция департаменті аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
