Қазгидромет ескерту жасады: Демалыс күндері елімізде боран соғып, көктайғақ болады

Алдағы демалыс күндері, яғни 14-16 ақпан аралығында, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа райы күрт нашарлап, қатты жауын-шашын болады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамына сәйкес, 14 ақпанда еліміздің басым бөлігі антициклон жотасының ықпалында болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Алайда 15 ақпаннан бастап елдің батыс өңірлеріне солтүстік-батыс циклоны жылжи бастайды. Ол шығысқа қарай жылжып, артынан жаңбыр мен қар, бұрқасын әкеледі. Сонымен қатар ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды.

Ал Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында осы күндері тұрақсыз ауа райы сақталады. Оңтүстік циклонның әсерінен атмосфералық фронттар өтіп, жауын-шашын аралас болады. Мамандар 14 және 15 ақпанда нөсер жаңбыр мен қалың қар жауатынын болжайды.

Сонымен қатар республика бойынша желдің күшеюі, көктайғақ пен тұман күтіледі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика