Алматыда 1 жасар сәби 31 магнит жұтқан: «Ішек қабырғасын теседі»

Алматыда дәрігерлер бір жас тоғыз айлық сәбидің ішегінен 31 магнитті алып шығып, оны аман алып қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Аурухананың қабылдау бөліміне өте ауыр халде түскен сәбиге тексеру жүргізгенде, оның ішегінде 31 магнит бары анықталды. Медицина мамандары ащы ішектің көптеген жерден тесілгенін және іріңді перитонит (іш пердесінің қабынуы) диагнозын қойды.

«Магниттің қауіптілігі сол – ағзаға бөлек-бөлек түскен соң, олар ішектің ішінде бір-біріне тартыла бастайды. Салдарынан ішек қабырғалары қысылып, қан айналымы бұзылады, тіндер өле бастайды да, тесіктер пайда болады. Осылайша санаулы сағатта перитонит дамиды», — деп түсіндірді орталықтың хирургі Асқар Ризванов.

Дәрігерлер шұғыл түрде лапаротомия (іш қуысын тіліп ашу) жасап, магниттерді алып тастады. Содан соң ішектегі тесіктерді тігіп, іш қуысын толық тазартты.

Мамандар тіпті бір ғана магнит жұтып қойған жағдайдың өзінде дереу медициналық көмекке жүгіну керегін қатаң ескертті.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика