Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ел азаматтары бұл күні Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасына қатысты өз таңдауын жасайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жалпыхалықтық дауыс беруге бір ғана сауал шығарылады. Ол бюллетеньде келесідей тұжырымдалады:
«Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»
Жаңа Конституцияның толық мәтіні 12 ақпанда барлық ресми ақпарат құралдарында жарияланады. Осы арқылы азаматтарға референдумға дейін құжатпен мұқият танысып, өз шешімін қабылдауға мүмкіндік беріледі.
Референдумды дайындау және өткізу жұмыстары Орталық сайлау комиссиясына жүктелді. Ол Референдумның орталық комиссиясының міндетін атқарады. Сондай-ақ, жергілікті жерлердегі процесті аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары ұйымдастырады.
Үкіметке Орталық сайлау комиссиясымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдумды жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті барлық шараны қабылдау тапсырылды. Жарлық ресми жарияланған күннен бастап күшіне енді.
Фото: Әлеуметтік желіден
