Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, қолданыстағы Конституцияның соңғы 30 жылдағы жетістіктердегі рөлін мойындады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, ешкім қолданыстағы Ата заңның маңызын жоққа шығармайды, бірақ заман талабына сай оны жаңарту қажет.
«Ешкім соңғы 30 жылдағы еліміздің барлық жетістігінде зор рөл атқарған қолданыстағы Конституцияның маңызын жоққа шығармақ емес. Бұл ретте тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Дегенмен, Ата заң еліміз енді ғана аяққа тұрып жатқан кезде қабылданғанын және онда Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарының таңбасы барын ескеру керек», — деді Тоқаев.
Ол сол уақыттан бері еліміз айтарлықтай өзгеріп, халықаралық беделі жоғары, қуатты мемлекет ретінде қалыптасқанын баса айтты.
«Бүгінде әлемде іргелі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық өзгерістер болып жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да ұлттық сана-сезімге әсер еткен, тіпті қатты дүмпу тудырды деп айтуға болатын үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Сондықтан біз үшін мақсаттарымызды, құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды жаңартып, оларды конституциялық деңгейде бекіту өте маңызды», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Фото: ВВС
