Италияда Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ел намысын қорғайтын спортшыларымыз да жарыс жолына шығуға дайын, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл жолғы ашылу салтанатының ерекшелігі – ол бірнеше қалада қатар өтті. Осыған байланысты Қазақстанның мемлекеттік туын екі спортшымыз алып шығу мәртебесіне ие болды.
Милан қаласында өткен ұлттар шеруінде көк байрақты шорт-трек шебері Денис Никиша ұстаса, Ливиньо коммунасындағы рәсімде фристайл-могулдан сынға түсетін Аяулым Әміреноваға сенім артылды.
Олимпиада ойындары 6 ақпаннан 22 ақпанға дейін жалғасады. Дүбірлі додада Қазақстан атынан 10 спорт түрінен 36 атлет (18 ер және 18 әйел) бақ сынайды.
Фото: ҰОК
