Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізіп, жаңа Ата Заң жобасына қатысты қоғамнан келіп түскен ұсыныстарды талқылады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кездесуге Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова, оның орынбасары, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және комиссия мүшесі Ержан Жиенбаев қатысты. Олар Мемлекет басшысына жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Эльвира Әзімованың айтуынша, Ата Заң жобасының жалпыхалықтық талқылауына азаматтар белсенді атсалысып жатыр. Қоғамдық талқылау аясында мыңдаған ұсыныс жиналған.
«eGov және e-Otinish порталдарына жұртшылықтан 4 мыңнан астам ой-пікір келіп түсті. Азаматтар бұл жобаны бүгінгі талап-тілектер мен қоғам мүддесіне сай деп таниды», – деп баяндады Конституциялық сот төрағасы.
Сонымен қатар, саяси партиялар мен республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдар да жаңа Конституцияны қабылдау бастамасына толық қолдау білдірген.
Президент өз кезегінде Конституциялық комиссия жұмысының ашық форматта жалғасуы керектігін баса айтты. Бұл азаматтарға талқылау барысын бақылап, жобаның мазмұнымен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мен қоғам өкілдері жолдаған барлық ұсынысты жіті талдап, мұқият қарастыруды тапсырды.
Комиссия мүшелері қазіргі уақытта жаңа Конституция жобасының жекелеген баптары мен тармақтарын редакциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссияның кезекті отырыстары 7 ақпанда және келесі аптада өтеді деп жоспарланған.
Фото: Әлеуметтік желіден
