Милан-2026: Олимпиада ашылуын тікелей эфирде қайдан көруге болады?

6 ақпаннан 7 ақпанға қараған түні Италияда өтетін ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі басталады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл айтулы шараны тікелей эфирден тамашалай алады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Тікелей трансляция Қазақстан уақытымен 23:55-те «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында көрсетіледі.

Басты шоу Миландағы әйгілі «Сан Сиро» стадионында өтеді. Бұдан бөлек, Кортина д’Ампеццо, Предаццо және Ливиньо қалаларында да түрлі қойылымдар жоспарланған. Кештің басты қонақтары – әлемге танымал әншілер Мэрайя Кэри, Андреа Бочелли және Лаура Паузини. Сондай-ақ, шара барысында Олимпиадаға қатысушы елдердің делегациялары салтанатты шерумен өтеді.

Италиядағы дүбірлі додада Қазақстан намысын 36 спортшы қорғайды. Олар спорттың келесі түрлері бойынша бақ сынайды: фристайл-могул, фристайл-акробатика, биатлон, тау шаңғысы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан шаңғымен секіру, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау.

Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында өтеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика