«Шетелдіктерге жер сатылады» деген әңгіме – фейк: депутат жаңа Конституцияға қатысты қауесетті жоққа шығарды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде тараған жаңа Конституция жобасында шетелдіктерге жер сатуға рұқсат беріледі деген ақпаратты жалған деп мәлімдеді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Ол бұл мәселені 2025 жылғы 4 ақпанда Мәжілістің пленарлық отырысында көтерді.
Депутаттың айтуынша, қоғамға әдейі жаңа Конституция арқылы жерді шетелдіктерге беру немесе оны президент пен болашақ Құрылтай өз бетінше пайдалана алады деген түсінік сіңіріліп жатыр.
«Бұл – өтірік әрі ашық дезинформация», – деді ол.
Бақытжан Базарбектің сөзінше, Конституцияның жаңа жобасында жерді сатуға немесе тыйымды алып тастауға қатысты бірде-бір норма жоқ.
Сонымен қатар, Конституцияның бұрынғы 6-бабы өзгеріссіз сақталып, 8-баптың негізіне алынған.
Аталған бапта жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені және меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны нақты көрсетілген.
Ал жердің жеке меншікке берілуі тек заңда белгіленген шарттар мен шектеулер аясында ғана мүмкін.
Депутат «жерді сату» тақырыбы заңдық сауатсыздық немесе саналы манипуляция арқылы таратылып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, нақты дәлел болмаған кезде қоғамды қорқыту үшін қауесет әдейі күшейтіледі.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика