Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасына келді. Исламабад әуежайында оны Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шарифтің өзі күтіп алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, Қазақстан Президентіне ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты шара барысында зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды.
Сонымен қатар, әуежайда Қазақстан мен Пәкістанның мемлекеттік туларын ұстаған балалар жиналып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыластарын білдірді.
Президент сапарының негізгі бөлігі ертеңге жоспарланған. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланбақ.
Фото: Ақорда
