Атырау облысында бүтін бір отбасының өліміне күдікті деп танылған азаматтың бес баласы мемлекет қамқорлығына алынды. Полиция кісі өлтірді деген күдікпен ер адамға іздеу жариялаған кезде, оның кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, балаларды уақытша мемлекеттік мекемелерге орналастыру туралы шешім полицияның ұсынысымен қабылданған.
«2 ақпанда полиция департаментінен күдіктінің кәмелетке толмаған бес баласының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шұғыл шаралар қабылдау туралы хат келіп түсті. Осыған байланысты олар уақытша мемлекет қорғауына алынды», — деп хабарлады білім басқармасы.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен үш бала Бейімдеу орталығына, ал бір және үш жастағы тағы екі сәби мамандандырылған Сәбилер үйіне жіберілді.
Шенеуніктердің айтуынша, қазір балалардың жағдайы бақылауда және уәкілетті органдар олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын толық қамтамасыз етіп отыр.
Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында тұтас бір отбасы – егде жастағы ерлі-зайыпты және олардың ересек балалары жоғалып кеткені белгілі болды. Қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті табылды. Олардың өліміне күйеубаласынан күдіктеніп, оған халықаралық іздеу жарияланды. Әкімдіктің мәліметінше, күдіктінің отбасы қарапайым өмір сүріп, негізінен қарт туыстарының зейнетақысы есебінен күн көрген. Көршілерден оларға қатысты ешқандай шағым түспеген.
Фото: Әлеуметтік желіден
