«Қазгидромет» РМК синоптиктері көктемгі су тасқынына қатысты болжамын жариялады. Мамандардың айтуынша, биылғы наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болып, қардың тез еруіне әкеледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жағдайды қиындататын тағы бір себеп – жер қабатының қатты тоң болып жатуы. Сондықтан топырақ еріген қар суын толық сіңіре алмайды да, барлық су беткі қабатпен ағады. Бұл су тасқыны қаупін арттырады.
Болжам бойынша, су тасқыны қаупі ең жоғары аймақтар қатарына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары енгізілген.
Сондай-ақ орташа қауіп төнетін сегіз өңір бар. Олардың ішінде Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ оңтүстіктегі Түркістан және Алматы облыстары да аталды.
Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында көктем салыстырмалы түрде тыныш өтеді деп күтілуде.
Фото: Әлеуметтік желіден
